Сезім болып төгілген жібек жырлар


Кеттің. Енді жаныма жанашыр кім
(Мен сорлы да өрліктен шарасызбын).
Содан бері жанарым мұңға толы,
Содан бері әйтеуір мазасызбын!
Сен кеткелі тау жақтан жел еспеді,
гүл де солып қалғандай белестегі.
Екеумізді бір арман матастырып,
екеумізде мұң да бір емес пе еді?!
Жиіркендім-ау өмірдің бақ-тағынан,
жанарымды сен келер жаққа бұрам.
Енді кіммен қосылып ән саламын,
енді кімге сонда мен ақтарылам?
Қайтсем екен:
қасіретіңді сенделіп шексем бе екен,
әлде өзіңе тап қазір жетсем бе екен?
Тұрғызып ап төсектен жеті түнде
жаныма ертіп бір жаққа кетсем бе екен?..
Менің жаным секілді аспан көшкен…
Біліп жүрсің – жәйттар ғой бастан кешкен:
маған деген реніш ұйқы бермей
сенің көңіл-күйің де астан-кестен.
Мен де қалай жарқылдап жүре аламын,
жүрегімді жылатса кінәларым. …
Болғаны да жақсы екен дүниеде
өкпелеуге тұратын бір адамың.





Бұлай сүймейді, жарықтығым,
сезім емес есті алар – анық мұның.
Сенен көзді жұмғызып тамсандырар
еш ләззат қалған жоқ. Қалыпты мұң.
Жүрек құрғұр құрметті ескере ме,
не атақтан, даңқтан сескене ме:
қайтем, сенен жанымда түк қалмады –
қуаныш та, қайғы да – ештеңе де!
Табынған боп, сүйген боп көндігер ем –
көнер емес жүрегім, сорлы денем.
Сыйлағаннан махаббат тумайды екен,
сирек келер сезім ғой ол бір ерен.
Мүмкін бұдан жаныңда мұң қалары –
ер жігіттің намыс қой бір жарағы.
Құлай сүйгізе алмаудан, сүйе алмаудан
сезімдер былғанады.
Солай.
Мейілің жек көріп жерлесең де.
Бірақ айыпты есмеспіз: мен де, сен де.


Жанталасып мені шын ұмытсам деп жүрсің сен,
басқа жанмен жүректі жылытсам деп жүрсің сен.
Жек көрсем деп қалайда талай іске ұрындың,
ұмыттырса екен деп өзгелерге тығылдың.
Көрмеймін деп мен оны өзіңді өзің сендірдің,
кінәлайсың, сонда да көкірегіңде мен жүрмін.
Біреулерді жаныңмен сүйген болып жүрсең де,
мені жоқтап жүрегің қайғы шегіп тұр сенде.
Шығара алмай бейнемді көңіліңнен,
аһ ұрдың, көрмей алыс жүрсең де,
тек мен саған жақынмын.
Кімменен жүр, қайда бар,
қаншама азап шек мейлің –
жүрегіңнен бәрібір
мен ешқашан кетпеймін.




Телефон шыр етедi:
Сонда менiң жүрегiм дiр етедi,
Көйлегiмнiң желбiреп гүл етегi,жүгiремiн.
Не пайда сен емессiң.
Тек қимылдау көңiлдi жүдетедi.
Кешке дейiн неше рет дiрiлдетiп
Мәнсiз, әрсiз, алаңмен күн өтедi.
Телефон, шыңғырсаң да,
Көтермеймiн ендi мен – қылғын, сарна!
Жүрегiме тыныштық бермей қойды-ау,
Төбесiнен бiр ұрып сындырсам ба?!
әне тағы... сенi ме!
қоңыр дауыс!
Трубканы сүйiп мен тұрдым сонда.



Мен сені қызғанамын

Мен сені қызғанамын,
жалт етіп қарағанынан емес қыз баланың,
мен ешқашан қызғанбадым қызға, жаным.
олар менің қашан да ақ тілеушім ғой,
байбалам сап несіне сызданамын.
Көкірегіңде мен тұрып, шамаң жетсе
басқа жұртқа мейлің сен жүз қарағың!
Мен сені қызғанамын,
бәз біреулер өктемсіп, басынғанда
(өктемсушілер көбейді, ғасырдан ба?)
доспын дейтін жігіттер бірге отырып,
сенен сырын қулықпен жасырғанда.
Осылардың бәрі оқ боп қадалады
Сені нәзік сүйетін ғашық жанға.
Мен сені қызғанамын,
қадіріңді біреулер білмегенде,
сені сырттай көре алмай, күндегенде,
өзің жайлы орынсыз мысқыл айтса
қаным қайнап кетеді бұл денемде.
...Осыған да шүкірлік - пақырлық қой,
Қызғанышсыз, махаббатсыз күн көрем деу.




Мен сонда жылап қалғам,
Сен сезбедің. Кетті ұшып жыраққа арман.
Бұның бәрі неліктен? Білесің сен –
өзіңді ұнатқаннан.
Сосын-сосын жүргеннен ұмыта алмай,
Алып ұшып жеткенде жырақтардан.
Кездеріңді алдымда құлап-талған,
Өліп-өшіп өртенген кезеңдерің,
сосын...түк болмағандай безергенің.
Осыларға түсінбей мың ақтарғам,
Басым қатып шешілмес сұрақтардан.
Сезіміңнің соншалық жалғандығы
Сен үшін бір сәт екен арман құны!
...Мен сонда жылап қалғам,
Өзіңді жек көргеннен және де
...ұнатқаннан!




Жанымда жүршi
Аласармайтын армандай асқар тауым боп,
Шiлдедегi аппақ жауын боп.
Сенiмен жүрсем –
Мынау жалғанда мен көтермейтiн ауыр жоқ,
Бет қаратпайтын дауыл жоқ.
Сенсiз күндерiм –
Бұлыңғыр күнгi көңiлсiз күңгiрт екiндi.
Сезбей-ақ күннiң шуақ сәулесiн, жұпар
самалды не түнгi
өмiр сонда да мәз боп өкiнбей
ойсыз байғұстар секiлдi...
Жанымда жүршi
Көңiлiмнiң арай рауандап атқан таңы боп,
Кiршiк шалмаған менiң әжемнiң ары боп.
Күйдiре түссiн өзiмшiл мына жүректi
Сендегi сөнбес жалын от.
Әйтеуiр осы тiрлiк дегеннiң мен үшiн
өзiңсiз ешбiр мәнi жоқ.




Екеу-ақпыз. Отырмыз тiл қатыспай.
Сен Күншығыс, мен бейне Күнбатыстай.
Бұл үнсiздiк қанша күн өмiр сүрмек,
Жүрушi ек қой қайғы да, мұң да құшпай.
Неге-неге осынша алыстадық,
өлiп-өшкен жүректi жаныштадық.
Сен отырсың жiгiттiк өрлiгiңмен
иiлуге алдымда намыстанып.
Менде ме деп бар кiнә, мұңға баттым,
құптамаппын бас иiп, тыңдамаппын.
Көтергендей аспанды мен де отырмын
Нәзiк жыныстығымды бұлдап-ақ тым.
Қойшы, жаным, пайда не бұдан ұтқан,
Жүдеу тартты дүние, құлазып маң.
Бiз екеумiз «сыймаймыз», несiне онда
татулықты күтемiз мына жұрттан...




Бiлесiң ғой,
онсыз дүмпуiне шыдамай сағыныш-зардың,
жанымдағы жанартау – жарылыстардың,
көз аштырмас бiр сезiм дауылынан
жай таппай алып-ұшқанмын.
Ол жоқ жерде
таңдайдағы дәмiмен бал үмiттердiң,
толқынына тұншығып алынып шердің
ештеңені ешкiмдi көзiме де iлмей
тек соған табынып, сендiм.
Үзiлiп қыршын,
Сонан соң...
өтетiн болды жабырқау, жеке кештерiм...
Қайғым бар (бiлем – басқалар бекер дескенiн)
ол - өзгенi сүйе алмай
жалғыздықпенен
мәңгiлiк жетелескенiм.
Таппадым басқа
Жаралы жанның бiр емiн.
Махаббат аңсар менiң де балғын жүрегiм...
«Кiмдi де болса, әйтеуiр сүйшi, - деп, - жүрек!»
Жалындым, талдым, жүдедiм...




Бәрi менiң есiмде:
сенi күтiп терезеден қараумен
минут санап тұрғаным.
жанымды өртеп бiр жалын;
сөндiре алмай сағыныштың мұңдарын;
сосын сенiң кiрiп келер сәттерiң,
тiлсiз, үнсiз аймаласқан тәттi ерiн...
қос жүректе – ақ сезiм мен пәк сенiм;
көп iшiнде сыр ақтарып көзбенен
жырақ шығып өзгеден
оңашарақ қалуды ылғи көздеген;
сәтке ынтығып шырын-бал,
қол ұшынан бойға тарар жылулар,
тек екеумiз түсiнетiн сыбырлар;
құлақ қоймай еш үнге,
сезiм селiн ынтығып бiр кешуге
аласұрдық.
Бақыт па бұл, кесiр ме?
Бiрақ бәрi есiмде.




Мен онымен қай кезде көрiсемiн?
қашан?
Қашан?
Айтшы сен соны, сенiм?
Мен қашанғы аңсаумен аласұрып,
жүрегiмдi, миымды таң асырып,
тарта берем күтудiң мұңды азабын,
тағдыр қашан қояды бұл мазағын?
Көрмей,
құшпай
елесiн серiк қылып
қашанғы мен қайғылы жыр жазамын?
Қашанғы ендi мен оны ұмытпаймын,
қашанғы iште жатады ұлып қайғым?
Қашан, қашан ұшады сағым болып
жүрегiме iлiнген құлыптай мұң?
Мен қашанғы iшiмнен шыңғырамын,
Қашан, қашан басылар бұл құмарым,
ей, Адамдар, айтсаңшы бiреуiң кеп
қандай емнен жазылар жынды жаным?




Неге осы мен өзгеден басқарақпын,
неге жұртқа шат жерде жасқа баттым?
Басқалардай неге мен елтiмеймiн
самалына, көркiне бақша-бақтың?
Жерiк әйел секiлдi есiм ауып,
неге саған осы мен ашқарақпын?
Басым дал-дал. Бiлмеймiн
немен, қалай тынарын бұл күндерiм,
қалай қуам көңiлдiң бұлтын, желiн;
немен басам, бiлмеймiн, жанымдағы
мизам күнгi найзағай күркiлдерiн.
Жанар – найза, iшiм от, қол дәрменсiз,
жауға алдырған батырдай жұртын, жерiн.
Келем көзсiз дауылда араласып,
Саған жетiп құлауым мүмкiн менiң.

Комментариев нет:

Отправить комментарий